ЖАҢАЛЫҚТАР

Almathera Қазақстанның алғашқы жекеменшік радиофармацевтикалық және тераностикалық кешенін Cyclone® KIUBE 300 циклотрон кешенімен жабдықтау үшін IBA-ны таңдайды

Almathera Қазақстанның алғашқы жекеменшік радиофармацевтикалық және тераностикалық кешенін Cyclone® KIUBE 300 циклотрон кешенімен жабдықтау үшін IBA-ны таңдайды

Cyclone® KIUBE 300 технологиясы Орталық Азия нарығы үшін әртүрлі радиоизотоптар өндірісін қамтамасыз етеді

Бельгия, Лувен-ла-Неве, 2024 жылғы 18 қараша. Иондаушы сәулелер үдеткіші технологиясы саласының әлемдік көшбасшысы IBA (Ion Beam Applications S.A.) компаниясы Almathera-мен Cyclone® KIUBE 300 циклотрон кешенін, сондай-ақ сәулелік жүйесін жеткізу және орнату туралы келісімге қол қойды. Алматы қаласында, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында орналасатын кешен Орталық Азиядағы онкологиялық қызметтерді жақсарту үшін тераностикалық хаб рөлін атқарады.

EU GMP стандарттарына сәйкес жобаланған Almathera кешені медициналық изотоптарды, оның ішінде Фтор-18, Мыс-64, Цирконий-89 және Галлий-68 өндіріп, таратуға маманданады. Бұл изотоптар диагностикалық бейнелеу мен емдеу мақсатында өңірдегі өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандырады. Cyclone® KIUBE 300 кешенінің құны конфигурацияға байланысты 2,5-5 миллион еуро аралығында өзгеріп, жоба 2027 жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.

IBA RadioPharma Solutions компаниясының президенті Шарль Кумпс былай деп пікір білдірді: «Almathera компаниясымен жасалған бұл келісім Орталық Азияда қажетті медициналық изотоптарға қолжетімділікті кеңейтудің маңызды қадамы болып табылады. Cyclone® KIUBE 300 технологиясының әмбебаптығы Almathera компаниясына өңірде жоғары сапалы радиоизотоптардың кең спектрін өндіруге және таратуға мүмкіндік береді».

Almathera компаниясының негізін қалаушылардың бірі Абай Закарьянов және Бас серіктес Даур Тусупов бірге мәлімдеді: «IBA-мен серіктестік Қазақстандағы радиофармацевтикалық саланы дамыту миссиямызды жүзеге асырудағы маңызды кезең болып табылады. Біз бірге GxP стандарттарына сай, тераностикалық қолданбалар спектрінде шартты әзірлеу және өндіруді қолдауға арналған ашық платформа құрып жатырмыз. Бұл жоба Орталық Азиядағы медициналық қызметке қолжетімділікті жақсарту үшін құнды мүмкіндіктер ұсынады».

Almathera өз қаржылық серіктесі Fonte Health Sciences Fund OEIC Limited қорынан үлкен қолдау тапты. Руслан және Жасулан Адильбаевтар бұл инвестицияның маңыздылығын атап өтті. Руслан Адильбаев былай деді: «Біздің қор өмір туралы ғылымдар саласындағы жаңашыл шешімдер мен әлеуметтік ықпалы бар жобаларға стратегиялық бағытталған. Almathera Орталық Азияда тераностиканы трансформациялау мүмкіндігі мен денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелерді шешуге арналған ұзақ мерзімді құндылығы арқасында біздің портфеліміздегі негізгі инвестицияға айналды».
Almathera туралы

Almathera – Қазақстанда орналасқан радиофармацевтикалық және тераностикалық компания. Заманауи радиофармацевтикалық шешімдер мен онкологиялық ауруларды емдеудің инновациялық әдістерін қолдана отырып, компания аймақтағы маңызды медициналық қызметтерге қолжетімділікті жақсартуға ұмтылады. Almathera радиохимия саласындағы үздік мамандармен және технологиялық серіктестермен жұмыс істей отырып, Алматыда әлемдік деңгейдегі онкологиялық зерттеу және емдеу орталығын құруды мақсат етеді.

Fonte Capital туралы

Fonte Capital Ltd. 2022 жылдың қаңтар айында «Астана» халықаралық қаржы орталығында (AIFC) тіркелген (AFSA-A-LA-2022-0004) және түрлі активтер класына қолжетімді кең ауқымды инвестициялық өнімдермен 14 инвестициялық қорды басқарады. AIFC-дегі ұжымдық инвестиция нарығының негізгі ойыншысы ретінде Fonte Capital 300 миллион АҚШ долларынан астам капиталды басқарады.

Fonte Capital Қазақстанның инвестициялық инфрақұрылымын стратегиялық маңызды жобаларды қолдау және озық әдістерді енгізу арқылы белсенді түрде дамытуды қолға алған. Мұндай бастамалардың бірі – медицина және денсаулық сақтау саласындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған Fonte Health Sciences Fund OEIC Limited қорының іске қосылуы, сондай-ақ биомедициналық технологиялардың дамуына елеулі үлес қосатын бастамаларды қолдау.

Сонымен қатар, Fonte Capital Қазақстанның алғашқы зонтикалық қорын – Fonte Emerging Markets Umbrella Fund OEIC Limited және цифрлық активтерге арналған Fonte Innovation Fund OEIC Limited қорын іске қосты.

Қосымша ақпарат алу үшін: www.fonte.kz

IBA туралы

IBA (Ion Beam Applications S.A.) бөлшектер үдеткіш технологиясының әлемдік көшбасшысы. Компания бүгінгі таңда ең озық радиациялық терапия түрі болып саналатын протон терапиясы саласында жабдықтар мен қызметтердің жетекші жеткізушісі болып табылады. Сондай-ақ, IBA өнеркәсіптік стерилизация, радиофармацевтика және дозиметрия салаларының көшбасшысы.

Лувен-ля-Неве қаласында (Бельгия) орналасқан компанияның әлем бойынша шамамен 2000 қызметкері бар. IBA әлеуметтік және экологиялық тиімділіктің тексерілген ең жоғары стандарттарына сәйкес келетін «B Corporation» (B Corp) ретінде сертификатталған.
Press release | 18/11/2024

IBA | Ion Beam Applications SA

Chemin du Cyclotron, 3 | 1348 Louvain-la-Neuve | Belgium | RPM Brabant-wallon VAT : 0428.750.985 | T +32 10 47 58 11 | F +32 10 47 58 10

info@iba-group.com | iba-worldwide.com

IBA EURONEXT қор биржасында тіркелген (IBA: Reuters IBAB.BR және Bloomberg IBAB.BB). Қосымша ақпарат алу үшін: www.iba-worldwide.com